Өңірде өзен-көлдерде аэрация жұмыстары басталды. Бұл су жәндіктерін қырылудан сақтайды. Мамлют ауданындағы Глубокое көлінде балықтарды аман алып қалу үшін суды оттегімен қанықтыру жұмысы жұргізіліп жатыр.

Қыс жылы болғанымен, облыстың су қоймаларында мұз жамылғысы қазірдің өзінде қалың, сондықтан балықтарға оттегі жіберу керек. Облыста балық шаруашылығына қолайлы 589 су айдыны бар. Оның 300-ге жуығы жалға алушыларға бекітілген. Мұндай шараларды жүргізу олардың міндеті.

МИХАИЛ НИКИТИН СҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

– Қалған резервтік су қоймаларында бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде біздің басқарма мен ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар жүргізеді. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс 25 резервтік су қоймасында атқарылып жатыр. 

Мамлют ауданындағы орман шаруашылығында 20-дан астам маман жұмыс істейді. Олар қазір Глубокое көлінің аэрациясына қатысып жатыр. Олардың қарауында барлығы 24 резервтік су қоймасы бар.

РУСЛАН МҰНАЕВ «МАМЛЮТ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ» КММ ОРМАНШЫСЫ:

- Сорғы орнатып, суДЫ оттегімен байытамыз. Сондай-ақ, көлдерде тесіктерді бұрғылап, қамыс байламдарын тастаймыз. Бұл да балықтарды қырылудан аман сақтайды.

Бір су қоймасында кем дегенде 100 тесік бұрғыланады. Мұз басып қалмас үшін қамыс ТАСТАЙДЫ. Қазірдің өзінде резервтік су қоймаларында 800-ге жуық шұңқыр мен 5 шахта бұрғыланды, 500-ге жуық қамыс бумалары орнатылды. Бұл жұмысқа 9 техника және еріктілерді қосқанда 30-ға жуық адам жұмылдырылды.