Негізгі Жаңалықтар М. Жұмабаев ауданында «Жас сақшы» сыныптары ашылды

М. Жұмабаев ауданында «Жас сақшы» сыныптары ашылды

Жаңа оқу жылының басында Мағжан Жұмабаев ауданының жоғары сынып оқушылары үшін қуанышты жаңалық болды: үш мектепте полиция бағытындағы «Жас сақшы» сыныптары ашылды. Мұнда оқушылар ІІМ академияларына түсуге көмектесетін қосымша білім алады.  

Үш сыныптың ашылу салтанаты аудандық Мәдениет үйінде өтті. Болашақ құқық қорғаушыларға Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Руслан Назаров пен аудан әкімі Рахат Смағұлов ақжолтай тілектерін білдірді.

Руслан Назаров — СҚО ПД бастығы

Мәдениет үйінің сахнасында құқықтық тәртіпті нығайтуға үлес қосып жүрген үздік полиция қызметкерлері, педагогтер мен кәсіпкерлер марапатталды. Сондай-ақ екі полиция қызметкерінің ата-анасына алғыс хаттар табысталды. «Жас сақшы» қатарына қосылған жоғары сынып оқушылары үшін бұл Заң мен тәртіпті нығайтуға бағытталған еңбектің қоғам мен мемлекет тарапынан әрдайым бағаланатынын көрсеткен тағылымды мысал болды.

Рахат Смағұлов — М.Жұмабаев ауданының әкімі

Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар арнайы жедел қимыл жасағы жауынгерлерінің әсерлі көрсетілімін тамашалады. Полиция кинологы қызметтік-іздестіру итінің тыйым салынған заттарды табу қабілетін көрсетті. СҚО ПД Мәдениет орталығының вокалдық тобында өнер көрсететін полиция қызметкерлері жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынды. Мәдениет үйінің фойесінде полицияның арнайы жабдықтары қойылып, өңірдегі ішкі істер органдарының тарихына арналған стендтер орналастырылды. №2 мектепте полиция полковнигі Руслан Назаров «Жас сақшы» оқушылары білім алатын кабинетті ашты.

Руслан Назаров — СҚО ПД бастығы

Бұл кабинетке Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің есімі берілді. Ол 2016 жылы жанында жарылған гранатадан қатардағы жауынгерді өз денесімен қорғап, өмірін сақтап қалған. Кабинет үлгілі түрде жабдықталған: мұнда Қазақстан батырларының портреттері, жол қозғалысы ережелерін үйретуге арналған қиылыстың макеті және ІІМ жоғары оқу орындары туралы ақпарат орналасқан. Сондай-ақ баланың құқықтары мен міндеттері көрсетілген құқықтық бұрыш және басқа да көрнекі материалдар бар.

СНХР: Руслан Тасимов — СҚО ПД Жеке құрам жөніндегі басқармасының бастығы

Аудан орталығы Булаево қаласы мен Возвышенка және Қарақоға ауылдарындағы 48 оқушы үшін өмірдің жаңа кезеңі басталды. Оларды құқықтық сауаттылық сабақтары, жаттығулар, ардагерлермен және полицияның қазіргі қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысу күтіп тұр. Полицейлер бұл тәжірибе балалардың өмір жолында кәдеге жарайды деп сенеді. 

Бөлісу