Айыртау диқандары мол өнімді жинауға кірісті
«KLYUCHI GCK» шаруашылығында егін жинау науқаны қызу жалғасуда. Биылғы жаздың аптап ыстығы мен құрғақ ауа райына қарамастан, еңбекқор диқандар дәнді дақылдарды жинап болып, қазір зығыр алқаптарына кірісті. Биыл бұл шаруашылықта жалпы егіс көлемі 7 829 гектарды құрап отыр.
Айыртау ауданындағы «KLYUCHI GCK» серіктестігінде күзгі жиын-терім қызу жүріп жатыр. Дәнді дақылдар толығымен жиналып, қазір бар назар зығыр алқаптарына аударылды. 1999 жылдан бері жұмыс істейтін іргелі кәсіпорында 85 адам еңбек етуде. Мұндағы жұмыс нақты үйлесім тапқан: комбайндар өнім жинаса, КамАЗдар оны кідіріссіз тасымалдауда. Биыл шаруашылық 6,7 мың гектарға жаздық дақыл егіп, жалпы егіс көлемін 7,8 мың гектардан асырды. Сондай-ақ «Кең Дала 2» бағдарламасы арқылы шамамен 600 миллион теңге қаржы игеріліп, техника паркі жаңартылды.
СНХР: ДАНИЯЛ ҚАЙЫР, БАС АГРОНОМ
Биыл шаруашылық әдеттегідей тек бірнеше дақылмен шектелмей, егіс түрлерін айтарлықтай кеңейтті. Мәселен, күнбағысқа 956 гектар жер бөлінсе, алғаш рет 20 гектарға жуық жерге тәжірибе ретінде қант қызылшасы егілді. Бұл механизаторлар үшін жаңа міндет әрі тың тәжірибе болды, өйткені әр өсімдіктің өз күтімі мен ерекшелігі бар. Мұндай істе бастысы - ауа райының қолайлылығы мен жұмысты уақытында бастау. Осындай ауыр жауапкершіліктің парқын жақсы түсінетін азаматтардың бірі - Николай Лимаренко. Ол осы шаруашылықта 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, әртүрлі заманауи техникалардың тілін тауып жүрген тәжірибелі маман.
СНХР: НИКОЛАЙ ЛИМАРЕНКО, МЕХАНИЗАТОР
Даладағы техника бір сәт те тоқтап қалмас үшін жиналған астықты дереу тасымалдап отыру - үлкен жауапкершілік. Осы үздіксіз үрдісті дөңгелетіп жүрген тәжірибелі жандардың бірі - Болат Ибраев. Науқан кезінде ол алқаптан өнімді тынымсыз тасымалдау жұмысына жауап береді, ал оның бұл салаға сіңірген еңбегі мен жинаған тәжірибесі мол.
СНХР: БОЛАТ ИБРАЕВ, КАМАЗ ЖҮРГҮЗУШІСІ
Егін жинау науқанында тәжірибелі буын мен жас мамандар бірлесе еңбек етуде. Заманауи техникалар легі жаңарып, дала жұмыстарына тың серпін берсе де, басты мақсат өзгеріссіз қалады. Ол маңдай термен өсірілген мол өнімді қолайлы мезгілінде шашау шығармай жинап алып, көп айлық еңбектің жемісін толықтай қамбаға құю.