Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданына барды. Ғауез Нұрмұхамбетов орақ науқанының барысымен танысып, бірқатар шаруашылықтар мен элеватордың жұмысын тексерді. Сондай-ақ жергілікті диқандармен кездесіп, оларды толғандырған мәселелерді талқылады. Тақырыпты тілші жалғастырады.

Ең алдымен Ғауез Торсанұлы жергілікті «ТамызАгроИнвест» серіктестігінің жұмысымен танысты. Агроқұрылымның жалпы егіс алқабы 45 мың гектарды құрайды. Оның 30 мың гектардан астамына дәнді дақылдар себілген. Қалған алқапта майлы және бұршақты дақылдар өсіріледі. Қазір шаруашылықта жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Орташа өнімділік гектарына 15 центнерден.

СНХР: НҰРЛАН АСАНҚҰЛОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Жиын-терім науқаны кезінде элеваторлардың жұмысы да жандана түседі. Аудандағы «Элеватор Тайынша» серіктестігі астық қабылдауға сақадай сай. Кәсіпорын 1961 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы сыйымдылығы – 118 мың тонна. Мұнда астықты қабылдау, өлшеу, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту жұмыстары атқарылады. Қазір кәсіпорында 80 адам еңбек етеді. Облыс әкімі элеватордың жұмысшыларымен кездесіп, олардың еңбек жағдайы мен еңбекақыға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Орақ науқаны «Vishnevskoye GCK» ЖШС де қарқынды жүріп жатыр. Агроқұрылымның жалпы егіс алқабы – 25 мың гектар. Шаруашылық дәнді және бұршақты дақылдарды толық жинап үлгерген. Қазір мұнда майлы дақылдар орылып жатыр. Науқанға 16 комбайн жұмылдырылған.

СНХР: ПАВЕЛ РАФАЛЬСКИЙ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Бұдан кейін өңір жетекшісі «Дашка-Николаевка СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Мұнда орақ науқанының 70 пайызы аяқталған. Дәнді дақылдар толық жиналып, қамбаға жөнелтілген. Қазір шаруашылықта 2 мың гектардан астам майлы дақылды жинау жұмыстары қалған.

Облыс әкімі аграрийлермен кездесіп қана қоймай, егіс алқабындағы техниканың жұмысын да бағамдады. Тіпті комбайн тізгініне отырып, оның мүмкіндігін сынап көрді.

Жұмыс сапары барысында Ғауез Торсанұлы жасымық жармасын өндіру жобасының жүзеге асырылу барысымен де танысты. Құны 1,5 миллиард теңге болатын жоба жылына 70 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Нысан Түркияда өндірілген заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

Жалпы облыс бойынша дәнді дақылдардың шамамен 52 пайызы жиналды. Қазіргі таңда орташа түсімділік гектарына 15,3 центнерді құрап отыр. Ал Тайынша ауданында орақ науқанының қарқыны жоғары. Мұнда дәнді дақылдардың 72 пайызы орылды.

Бөлісу