Петропавлдағы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында мұғалімдер арасында облыстық олимпиада өтті. Оған өңірдің аудандарынан келген 200-ден астам педагог қатысып, білімдері мен дағдыларын сынады.

Олимпиада гуманитарлық, жаратылыстану және бастауыш сынып пәндері бойынша өтті. Қатысушылар 2 кезең бойынша сынға түсті.

АҚЫЛБЕК ОСПАНОВ, КОМИССИЯ МҮШЕСІ:

- Қазіргі заманда жәй ғана білімді және тәрбиелі болу өте аздық етеді. Себебі,өзгеріс заманында инновациялық құзыреттілігі қалыптасқан, жаңаша ойлана алатын тұлға яғни, ұстаз керек. Сондықтан, мұғалімдердің осындай қасиеттерін ашу үшін жаңа олимпиада платформасын беріп жатыр. Бұл платформада мұғалімдерге әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар беріледі.

География пәнінің мұғалімі Наталья Евич – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келіп отыр. 26 жылдық еңбек өтілі бар. Қатусышы бұған дейін аудаңдық кезеңде 1-орынға ие болған. Ал, 3 жыл бұрын облыстық деңгейдегі сайыстың жеңімпазы атанған.

НАТАЛЬЯ ЕВИЧ, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ:

- Менің ойымша, егер мұғалім жетістікке жеткісі келсе, әрдайым өзін жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы тиіс. Бұндай сайыстарда озық ойлау, тез арада шешім қабылдай білу секілді дағдылар дамиды. Сондай-ақ, жан-жақтан келген әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталады.