Былтыр полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 248 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде есірткіні аса ірі көлемде сақтау бойынша 10 дерек, сату бойынша 132 дерек, контрабанданың 3 фактісі тіркелді, сондай-ақ бір есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 770 келіден астам түрлі есірткі мен психбелсенді заттар, соның ішінде 8 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Осы жылдың 3 наурызынан бастап есірткі, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл туралы журналистерге Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтылды.
Есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі өндірушілерге, сондай-ақ лауазымды тұлғаларға қатысты жаза қатаңдатылады. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар, алғаш рет есірткі өндіру, дайындау, қайта өңдеу кезінде қолданылатын күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Бұған дейін қылмыстық жауапкершілік тек олардың контрабандасына ғана қатысты болған. Ал есірткі «қойып кетушілер» (закладчиктер) жаңа өзгерістерге сәйкес бұрынғыдай Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады, бірақ жаза жеңілдетіледі. Мысалы, осы баптың 1-бөлігі бойынша жаза мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін өзгерді, бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін болатын. Бұл өзгеріс 297-баптың үш бөліміне де қатысты.
АСҚАР МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бас бостандығынан айыру орындарында отырған көптеген есірткі жасырушылар бұл заңды бірінші рет аттап өткен жастар болып табылады. Сондықтан мемлекет түзету жолында тұрған жастарға ертерек еркіндікке шығып жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді. Бұл да түрмеде отырған халық санының үлесін азайту бойынша маңызды қадам.