Мамлют ауданы, Белое ауылында мектеп оқушылары жалғызілікті қарияларды қамқорлыққа алған. Олар егде жастағы адамдардың үйіне барып, шаруасына көмектеседі. Игі істер жасауды әдетке айналдырған жас волонтерлер жайлы келесі бейнематериалда.
80 жастағы Нина Сугакованың балалары қалаға көшіп кеткен. Сондықтан, әжей қазіргі таңда жалғыз өзі тұрады. Егде жастағы адамға есік алдындағы қарды күреп, үйге отын кіргізу қиын. Сол себепті волонтерлер зейнеткерді қамқорлыққа алған.
НИНА СУГАКОВА, БЕЛОЕ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Бұл балалар кішкентай болса да, жүректері махаббатқа толы. Үйіме әрдайым келіп, көмектеседі. Бірі отын тасыса, бірі қар күрейді. Үнемі менен хабар алып, қандай көмек қажет екенін сұрап тұрады. Әрине, менің балақайларға алғысым шексіз. Олардың бар екеніне қуанамын.
Мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобының құрамында 10-нан астам бала бар. Олар ауыл ішінде «Тимур және оның командасы» деген атаумен танымал.
КИРИЛЛ ТЕЛЕШОВ, ВОЛОНТЕР:
- Біз ауылдағы әрбір қария туралы білеміз. Тіпті, туған күндері де есімде. Құттықтап барамын. Өздігінен жүре алмайтын әжелер де бар. Олардың үйіне барып, жинастырып береміз. Тамақ пісіреміз. Бұндай қайырымды істерді жасау мектебімізде дәстүрге айналған. Ең бастысы, өзімізге волонтер болу ұнайды.
Айта кетейік, ауылда 100-ден астам жалғызілікті зейнеткер бар. Волонтерлер олардың әрқайсысына қамқорлық көрсетіп, қол ұшын созуға тырысады.