Өңірде алғашқы мопед тіркелді. Бұл көлік құралын тіркеу не үшін қажет? Былтыр облыста мопедтердің кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 20 адам жарақат алды. Облыстық полиция ведомствосы баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.
Мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Бұл – республика көлеміндегі проблемаға айналды. Облыста өткен жылы мопедтерді қағып кетудің – 8, ал олардың кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 20 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің 13-і – кәмелетке толмағандар. Құқық бұзушылықты төмендету үшін заңнамадағы түзетулер 2025 жылғы 5 сәуірден бастап күшіне енеді. Өзгерістерге сәйкес, мопедтерді тек тіркеуден өткеннен кейін және А1, А санатындағы жүргізуші куәлігі болған кезде ғана пайдалануға рұқсат беріледі.
Қайрат Сейітқұлов – СҚО ПД процессингтік орталығының бастығы:
- Мопедтерді тіркеу үшін өз мекенжайыңыздағы халыққа қызмет көрсету орталықтарына келесі құжаттармен жүгіну қажет: жеке басын куәландыратын құжат, ол электрондық түрде болуы мүмкін; мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметтерді ұсыну; өтініш толтыру, мопедтерді қарап-тексеруден өткізу; мопедтерді тіркегені үшін мемлекеттік баж төлеу қажет.
СҚО-да полицейлер алғашқы мемлекеттік нөмірді Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласының 35 жастағы тұрғынына берді. Ол «Tank» маркалы мопедін тіркеу үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінді.
Евгений Костенко — облыс тұрғыны:
- Әлеуметтік желілерде мопедтер мен скутерлерді тіркеу туралы ақпаратты байқадым. Өтініш бердім, баж салығын төледім, енді міне мемлекеттік нөмірді қолыма алдым. Қозғалыс қауіпсіз болуы үшін техниканы тіркеу қажет деп санаймын. Жылдам, әрі ыңғайлы. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін.
Полицейлер көлік иелерінен мопедтерді тіркеуді кейінге қалдырмауды, қажет болған жағдайда — автомектепте қажетті білімді меңгеріп, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігін алуды сұрайды. Мопедтерді тіркеу үшін Петропавл қ., Нефтепроводная к-сі, 7 мекенжайы бойынша Мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіну қажет. Басқа да қажетті ақпаратты облыстық полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан табуға болады.