Өңірде 2 мыңнан астам жұмысшы мамандықтардың орны бос. Бүгінде ауыл шаруашылығында тракторист-машинистер жетіспейді. Еңбек нарығында түрлі профильдегі электриктер, дәнекерлеушілер, сантехниктер тапшылығы бар. Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Петропавл қаласының мансап орталығы Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеде түрлі саладағы 19 ұйымнан 900-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.
ДӘУРЕН ЗЕЙНУЛЛИН - ПЕТРОПАВЛ Қ. МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Қоғамдағы жұмыссыздықты жою мақсатында бүгін осындай жәрмеңке ұйымдастырып отырмыз. Дәл қазір мұнда өндірістік кәсіпорындар, қызмет көрсету компаниялары, білім беру мекемелері мен мемлекеттік органдар өз ұсыныстарын таныстырып жатыр. Жәрмеңке алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарға да мамандар өте қажет. Олар 360 адамды еңбекпен қамтамасыз етуге дайын.
РУСЛАН ТӘСІМОВ СҚО ПД ТӘРБИЕ ЖӘНЕ КАДР ЖҰМЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
- Бізге құқықтану мамандығын тәмамдаған жастарды қабылдаймыз. Одан басқа мұғалімдер болса, физвос бітірген. Және де колледжді тәмамдағандарды жұмысқа қабылдаймыз. Бізге собр, участкелік полиция мамандықтары бойынша қабылдаймыз. Және осы жылы «зорлық-зомбылықты болдырмау» деген бөлім ашылды. Оған педагогикалық білімі бар қыздарды қабылдаймыз.
Ведомство өкілдері жұмыс ұсынып қана қоймай, қызметкерлерге қойылатын кәсіби біліктілік талаптар мен жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар туралы да айтып түсіндірді. Ал кейбір мекемелер мамандығы жоқ жұмысшыларды қайта оқытуға мүмкіндіктері барын да айтып жатты. Жәрмеңкесіне үміт артып келген жүзден астам жұмыссыздар өздері қалаған кәсіпорындарға әңгімелесуге тіркеліп, түйіндеме толтырып, еңбек етуге деген ықыластарын танытты.
Өткен жылы 86 адам шаштараз, аспаз, электормантер, автослесарь, автоэлектрик сияқты мамандықтар бойынша оқытылды.