М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Ашық есік апталығы басталды. Іс-шара аясында Петропавлдың мектеп түлектері оқу орнының мүмкіндіктерімен танысып, мамандықтар туралы толық ақпарат ала алады.

Биыл Петропавл бойынша 370 оқушы мектеп бітіреді. Түлектерге болашақ мамандықтарын және жоғары оқу орнын таңдау міндеті тұр. Осыған орай Қозыбаев университеті ашық есік апталығын бастады. Жастар жоғары оқу орнымен танысып, студенттерге жасалған жағдай көре алады. 11-сынып оқушысы Ұлжан Таупыкова ІТ саласына қызығушылық танытып жүр. Әзірге жоғары оқу орнын таңдаған жоқ.

ҰЛЖАН ТАУПЫҚОВА, Ә.ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТ ОҚУШЫСЫ:

– Қазіргі таңда таңдау пәндерім — математика және информатика. Өзім ІТ саласына түскім келеді. Болашақта мамандығым ретінде frontend-разработчик болғым келеді немесе ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істегім келеді.

Апталық аясында әр мамандық бойынша студенттер 11-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА кеңес беріп, ақпарат ұсынады. Бұл тәсіл оларға болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектеседі.

АЗАМАТ ЖИКЕЕВ, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

- Бұған дейін, қараша айынан бастап, біз аудандарда кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргіздік. Енді қалалық мектеп түлектерін қабылдап жатырмыз. Бүгін, өздеріңіз көріп тұрғандай, университетіміздің білім беру бағдарламаларын, студенттік клубтарын, белсенділері мен шығармашылық ұжымдарын таныстырып жатырмыз. Басты мақсатымыз — түлектердің болашақ мамандығын саналы түрде дұрыс таңдауы. Ашық есіктер апталығы жастарға университетімізді жақыннан тануға мүмкіндік береді.

Бір апта бойы оқу орнына келушілер университеттің инфрақұрылымымен танысып, өз сұрақтарына жауап ала алады.