Виктор Петрушин – 1963 жылы Мамлют ауданы, Белое ауылында дүниеге келген. Белов орта мектебінде білім алған. Кейін 1981 жылы мамыр айында әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Ауғанстан жерінде өтейді. Бірақ, өкінішке қарай 1983 жылы небері 20 жасында ерлікпен қаза тапты.

ЕЛЕНА ХОМЕНКО, БЕЛОВ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Біздің мектебімізде бұндай іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, біз әр қаңтар айы сайын дәстүрлі түрде ауылымыздан шыққан азамат Виктор Борисовичті еске алу кешін өткіземіз. Ол соғыста жараланған досын қорғаймын деп, өз кеудесін оққа тосып қаза тапты.

Жақындарының айтуынша, Виктор Петрушин өте мейірімді, көпшіл азамат болған. Сондай-ақ, сыныбындағы үздік оқушылардың қатарынан табылған. Белов орта мектебінің оқушысы Мухибулла Саидов Виктор секілді батыр жауынгер оқыған мектепте білім алып жатқанын мақтан етеді.

МУХИБУЛЛА САИДОВ, БЕЛОВ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

- Мен Виктор Петрушинді нағыз қайсар, батыл азамат деп білемін. Ол соғысқа аттанып, досы үшін жанын қиды. Яғни, қорқыныш сезімі оған ешқашан кедергі болған емес. Виктор Борисович менің және достарымның есінде патриот, адал дос ретінде сақталады.

Айта кететйік, 2005 жылы Белов орта мектебінде Виктор Петрушинге арналған мемориалдық тақта қойылған.