Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Кеген Тұрсынбаев ӨҢІРГЕ жұмыс сапарымен келді. Генерал-майор облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановпен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралармен танысып, Петропавл қаласындағы №1, 4, 5 өрт сөндіру бекеттерН, «Береке» шағын ауданында салынып жатқан жаңа өрт сөндіру бекетін аралады.
Сапар барысында Петропавлдағы, Қызылжар ауданындағы Тепличное және Прибрежное ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерін және Большая Малышка кентіндегі қорғаныс жағалауын нығайту жұмыстарының нәтижелеріне тексеру жүргізді. Вице-министр сондай-ақ Петропавл және Сергеев су қоймасының жұмысымен, Есіл ауданындағы Есіл өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілетін орындармен танысты. «Қызылжар су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірінші көтергіш стансасын нығайту және жаңғырту жұмыстарының барысын бағамдап, бөгет салуға арналған полипропилен материалы өндірілетін «SMB Group Family» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорнында болды. Жұмыс сапары соңында су тасқынының алдын алу шараларын одан әрі жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.