Ювеналды полиция қызметкерлері мен арнайы органдардың өкілдері облыс орталығындағы есепте тұрған отбасылардың үйлерінде болды. Кешкі рейдтің барысында ішкілікке салынған ана анықталды. Оның қараусыз қалған бес баласы оқшауланды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі дайындағын бейнематериалды көрелік.
Тәртіп сақшылары бір кеште 12 отбасын тексерді. Кезекті іс-шараға қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның және прокуратураның өкілдері де қатысты. Бұрын балалардың құқықтары бұзылған мекенжайлар назарға алынды. Полицияның есебінде болған ата-аналардың көпшілігі бұрынғы әрекеттерінен сабақ алған.
Өкінішке орай, мекенжайлардың бірінде рейдке қатысушылар көңілге қаяу түсіретін жағдайға тап болды. Маскүнем ананың үйінде антисанитариялық жағдайда 2-ден 11 жасқа дейінгі бес қыз тәрбиеленіп келген.
Бұл әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұрын ол кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бірақ алкогольге тәуелділіктен арылмаған.
Балалардың үлкендеріне суық тиген, тіпті үйде дәрі-дәрмектер де болмай қалған. Полицейлер оларды көпбейінді облыстық балалар ауруханасына орналастырды. Ата-ана құқығынан айыру – кәмелетке толмағандардың құқықтары қасақана бұзылған жағдайда немесе балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайларда мемлекеттік органдар қолданатын мәжбүрлі шара. Өткен жылы Петропавлда маскүнемдікке салынған 26 адам ата-ана құқықтарынан айырылса, тағы 17 адамның құқықтары шектелген.