Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмысшы мамандар даярланатын Петропавлдағы колледждерді аралады.

Аймақ басшысы барған Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде студенттер 12 мамандық бойынша білім алады. Соның 3-еуі теміржол саласына негізделген. Талай жасты түлеткен оқу орны заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. №2 корпусты аралап шыққан Ғауез Нұрмұхамбетов материалдық-техникалық базаға жоғары баға берді. Танысу барысында мамандармен және қыз-жігіттермен тілдесті.

Өткен жылы Петропавл машина жасау және көлік колледжін 351 адам тәмамдапты. Соның тек 59 пайызы немесе 184-і жұмысқа тұрған. Өңір жетекшісі мұның себебін білім ұясының басшысынан сұрады. Директордың сөзінше, жастардың бір бөлігі жоғары оқу орнына түскен, ал екінші жартысы әскерге шақырылған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Ел билігі бұл бағытқа бұрыннан көңіл бөліп келеді. Биылдан бастап қолдау еселеп ұлғаятын болады. Бұл жұмысшы мамандықтарының беделінің артуына алып келмек. Аянбай жұмыс істеңіздер, сәттілік тілеймін!

Жұмысшы мамандарға аспаздар, шаш қиятын және сәндейтін адамдар, модельер-пішушілер, наубайшылар мен кондитерлер де жатады. Бұлар Петропавлдағы Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде дайындалады.

Оқуға, қолды машықтандырып, шеберлік шыңдауға мүмкіндік бар. Студенттер білікті ұстаздардың ақыл-кеңесімен өз мамандықтарын жіті меңгеруде. Олар үнемі жұмыстарын көпшілік назарына ұсынады. Мысалы, модельер-пішушілер киім тігеді, шаштараздар шаш қиса, наубайшылар мен кондитерлер түрлі тағам дайындайды.

Ғауез Нұрмұхамбетов жоғары баға берген Ескендір Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде бүгінде 365 студент оқиды. Былтыр бұл жерде 100-ден астам жасқа диплом табысталыпты.

Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін көпшілік біледі. Бұл жерде де жұмысшы мамандар дайындалады. "Автомобильдің электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик", "Көлік жөндеу шебері", "Техник-электрик". Осы және өзгелер тарихы тереңде жатқан оқу орнында білім алуда.

Еңбек нарығында механизатор, инженер, электрик, темір ұстасы, құрылысшы мен дәнекерлеуші сұранысқа ие. Маңызды мәселені шешу қажет. Сол үшін өңірдегі колледждерге қосымша 105 грант бөлінбек. Нәтижесінде жұмысшы мамандықтарға қарастырылған гранттың саны 1742-ге жетпек.

Жалпы, облыста 24 колледж бар, олардың 13-і жұмысшы кадрларды даярлайды. 11 мың студенттің 3,8 мыңы жұмысшы мамандықтар бойынша білім алады.