Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры өңірдің кішкентай тұрғындарына жаңажылдық сый дайындады. «Сиқырлы бал» деп аталатын бағдарлама аясында көрермендер ғажайыпқа толы ертегіні тамашалап, Аяз ата – Ақшақармен кездеседі. Ертеңгілікте болған тілшілеріміз баяндасын.
Сахнада Диснейдің әйгілі «Күлше қыз» ертегісі. Бұл қойылым кішкентай көрермендерді ертегі әлеміне жетелеп, жақсылық пен арманға деген сенімнің ғажайыптар жасай алатынын көрсетті. Қойылым режиссері бұл спектакльдің басты мақсаты – балалардың жүрегінде мейірімділік, үміт пен сенім ұялату, ақ пен қараны айыра білу екенін айтты.
ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:
- Біздің театр жыл сайын осы кішкентай бүлдіршіндердің көңілін аулап, оларға мереке сыйлап, жаңа жылдық ертеңгілік қойып келеді. Биылғы қойылатын ертеңгілік «Сиқырлы бал» деп аталады.Бала күнімізде бәріміз де Золушка ертегісін көрдік. Бұл жолы оны қазақша “Күлше қыз” деп атадық. Күлше қыз сиқырлы балға, патша сарайындағы кешке баруды армандайды. Арманына жету үшін оған Аяз атаның сиқырлы сандығы көмекке келеді. Сол сандықтан Күлше қызға әдемі көйлек пен аяқ киім сыйға беріледі. Осылайша, ол патша сарайына барып, арманын жүзеге асырады.
Актерлердің ойыны, әсерлі музыка мен әсем безендірілген сахна балаларға ерекше әсер сыйлады. Күлше қыз бейнесін сомдаған актриса Жұлдыз Тынысбек өзінің шеберлігімен, әсерлі және жүрекке жылы ойынымен көрермендерді баурап алды. Оның жарқын кейіпкері ертегіні көріп отырған әрбір баланың жүрегіне қуаныш пен үміт ұялатты.
ЖҰЛДЫЗ ТЫНЫСБЕК, АКТРИСА:
- Енді 4-5 күннің ішінде шығарып, балалар мен көрермендердің назарына ұсынған сәт — бұл біз үшін үлкен бақыт. Балалардың көңіл-күйін көтеру, олардың көңілінен шығу біз үшін үлкен қуаныш және тәжірибе. Бүгінгі бірінші күніміз өте жоғары деңгейде өтті деген сенімдеміз. Балалардың осы қуанышы бізге де сахна төрінде үлкен шабыт берді.
Балаларға арналған қойылым 1 сағатқа созылды. Кештің екінші бөлімінде Аяз ата, Ақшақар және ертегілер кейіпкерлері кішкентай көрермендерді қуанышқа бөледі. Балалар ән салып, тақпақ айтып, би биледі. Айта кетейік Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрында мерекелік ертеңгіліктер 30 желтоқсанға дейін өтеді.