Қарасай стадионында ересектер мен жасөспірімдер арасында конькимен жүгіру спортынан облыс кубогы басталды. Сайысқа 4 қалалық топ және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары қатысты. Олар бүгін және ертең өзара бақ сынасады.
Конькимен жүгіру спортынан облыс кубогы барлық жас санатында 500 метр қашықтықта өтеді. Жалпы қатысушы саны 70-ке жуықтайды. Өкінішке қарай, қаржы жетіспеушілігінен көп аудандардың спортшылары бұл жолы қатыса алмаған.
НИКОЛАЙ ЗУБРЕВ, «ЖЕҢІС» ОРМБЖ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ КОНЬКИМЕН ЖҮГІРУДЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
- Негізі сайысқа Аққайың, Мамлют, Шал ақын және Қызылжар ауданының спортшылары да қатысуы керек еді. Өкінішке қарай, бүгін олар жоқ. Десе де, 70-ке жуық қыз-жігіт ептіліктерін көрсетіп, күш сынасуға келіп отыр. Солардың арасынан мықтыларды анықтайтын боламыз.
Алдаир Әлжановтың коньки спортымен айналысқанына 6 жыл болған. Облыс кубогында өз қатарластарынан баса озып, үздік нәтиже көрсетпек.
АЛДАИР ӘЛЖАНОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
- Маған коньки спорты ұнайды. Сондықтан бар күш-жігерімді салып, шын ниетіммен айналысамын. Бізді небір мықты жаттықтырушылар дайындайды. Оларды сыйлаймыз, бағалаймыз. Қарасай стадионында еліміздің даңқты спортшылары дайындалған. Мен де солардың ізін жалғап, чемпион болғым келеді.
Дода ертең мәресіне жетіп, үздіктер анықталатын болады.