Биыл 1 қаңтардан бастап барлық мемлекеттік жәрдемақылар және базалық зейнетақы Ұлттық Банк бекіткен инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға өсті. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға артып отыр. Бұл инфляция деңгейінен 2%-ға артық. Бұдан бөлек мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бес жыл қатарынан минималды базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 65%-дан 70%-ға дейін ұлғайтылған. Ақшаға шаққанда оның мөлшері 32 360 теңге. Оның ең жоғары мөлшері 110%-ға дейін артып, 50 851 теңгеге жетіп отыр.
Өңір бойынша 150 мыңға жуық зейнетақы мен жәрдемақы алушы бар. Былтыр жасы бойынша алатын зейнетақының мөлшері 85 мың теңге, орта базалық зейнетақы 43 мың теңге шамасында болды. Биыл халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге 231,9 млрд теңге бөлу жоспарланған.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек 5200 - ден астам азаматқа яғни, 1217 отбасыға 545 млн.теңге көлемінде берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26% - ға төмен. Сондай-ақ, 53 млн теңгеге 1500 бала қосымша төлем алды. Бұл ретте АӘК еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту ескеріле отырып төленеді. 2024 жылы 540-қа жуық адам жұмыспен қамтылды.
Бұдан бөлек, 29 мыңнан астам мұқтаж азаматқа жалпы сомасы 4,7 млрд.теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен 9 мыңнан астам азаматқа 3,4 млрд теңге көлемінде біржолғы көмек берілді. Биылдан бастап әлеуметтік кодекске сәйкес АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі орташа табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70% - дан төмен емес деңгейде айқындалатын болады. Бұл үшін 659,1 млн. теңге қарастырылған.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНІ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Облыста 24 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. 1-ші топта – 2 318 адам, 2 –ші топта – 9 105 адам, 3-ші топта – 10 440 адам. Мүмкіндігі шектеулі балалардың саны– 2 367. Былтыр мүгедектігі бар 9 мыңнан астам азаматқа 9297 оңалту құралы алынды. Жалпы бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлініп, толық көлемде игерілді.
Биыл 11 мыңға жуық арнайы құралдар мен қызметтерді сатып алу жоспарланған. Оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерді сатып алуға 2,2 млрд. теңге бөлінді.