Қызылжар ауданында «қызықты қысқы демалыс» акциясы жүріп жатыр. Іс-шара аясында жастар мен мектеп оқушылары жалғызілікті қариялардың үйіне барып көмектесіп, қайырымдлылық істер жасайды. Қазіргі таңда аудан бойынша жастар 50-ден астам үйдің ауласын қардан тазартты. Бұл акция қыс мезгілі бойы жалғасады.

87 жастағы Газиза Беляева жалғыз өзі тұрады. Зейнеткер нашар көреді. Сондықтан оған үй шаруасын атқару қиын. Волонтерлер әжейді қамқорлыққа алған.

ГАЗИЗА БЕЛЯЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Балаларға дән ризамын. Қоңырау шалып көмек сұрасам тез арада келеді. Мен жалғыз емеспін. Менің қасымда кішкентай қолғанаттарым бар. Әрқайсының есімін жатқа білемін. Волонтерлер үйіме көмір, отын кіргізіп бәрін дайындап беріп кетеді. Оларға алғысым шексіз.

Қызылжар ауданында барлығы 150-ден астам волонтер көмекке мұқтаж жандарға қамқор. Оның дені – мектеп оқушылары.

САМАТ ЕСМАҒИҰЛЫ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бұл акцияның мақсаты - жастарды, мектеп оқушыларын Отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Үлкенге құрметті, кішіге ізет көрсетуді үйрету. Халқымыздың осы мақалын басты назарға ала отырып, жұмыс істеп жатырмыз.

Айта кетейік, Қызылжар ауданында барлығы 373 жалғызілікті адам бар.