Өңірдегі «СК Протеин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі қара мал мен жылқы терісінен жоғары протеинді жемдік қоспа өндіріп жатыр. Жоба жылына 5,4 мың тонна шикізатты қайта өңдеп, 2,4 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қабілетті. Былтыр 675 тонна тері өңделіп, 300 тонна протеин өндірілді.

«СК Протеин» М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен және «Ғылым қоры» АҚ-мен ынтымақтастық аясында 350 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Кәсіпорын өндіретін ProtSAN атты жемдік қоспаның ақуыз құрамы жоғары. Өнім ұнтақ және түйіршік түрінде шығарылады. Қоспа жем сапасын арттырып, ауыл шаруашылығы жануарларының, құстың, балықтың рационына қосуға арналған. Өнімді «Алматы технологиялық университеті» АҚ зерттеп, оның құрамында ГМО жоқ екендігін анықтады.