Денсаулық сақтау министрлігі метапневмовирустың эпидемиологиялық жағдайы мен таралуына қатысты үндеу жариялады. Өйткені жіті респираторлық вирустық инфекцияларға жататын метапневмовирус әлемде көптеп тарала бастаған.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде риновирустардың 34 жағдайы, аденовирустардың - 28, парагрипптің - 23, бокавирустардың - 5, метапневмовирустардың - 4 және коронавирустардың 3 жағдайы тіркелген.

Мамандардың айтуынша, метапневмовирус - көптеген елде бұрыннан таралған классикалық вирустардың бірі. Ол негізінен ауа арқылы таралады. Инфекцияның негізгі белгілері - жөтел, мұрыннан су ағу, ентігу, тырысу, бас ауруы. Нақты емдеу жолы жоқ, симптоматикалық емдеу қолданылады. Санитар дәрігерлер аурудың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Сондай-ақ үй-жайларды үнемі желдету, қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану, ауру адамдармен байланысты шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету қажет. Ал ауру белгілері пайда болған жағдайда дәрігерге көрініп, ем алған жөн.