Соңғы күндері Петропавлда қалың қар жауып, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жеке сектордағы жалғызілікті егде жастағы тұрғындарға үйдің аумағын өз бетінше тазалау оңай емес. Петропавлдық еріктілер «Көмек қолын созу» марафоны аясында зейнеткерлерге көмекке келді. 

Петропавлдағы жастар ресурстық орталығының волонтерлері «Көмек қолын созу» акциясы аясында жалғызілікті қариялардың, зейнеткерлердің жеке ауласын үйілген қардан тазартты. Жас Өркен ауданының тұрғыны Тамара Филиппенко қыс мезгілінде қиналады. 80-дегі әйел жалғыз тұрады. Денсаулығы сыр берген ол ауладағы қарды шығара алмайды.

ТАМАРА ФИЛИППЕНКО ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Ешкімім жоқ. Сондықтан көмек керек кезде хабарласамын. Бетімді ешқашан қайтарған емес. Алғысым шексіз. Барлығы жабылып біраз шаруамның басын қайтарады.

Еріктілер зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты түрде көмек көрсетеді. Олар тек аулаларды тазалауға ғана емес, басқа да үй шаруасына көмектеседі. Былтыр Петропавл қаласы бойынша 600 ауланы қардан тазартқан. Бұл іс биыл да жалғасын тапты.

ДАМИР АБДИН - ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Жалпы бізден көмек сұрап күніне үш-төрт адам хабарласады. Көбі жалғызілікті қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар. Барлығына қол ұшын созуға тырысамыз. Тамара Филиппенкоға жиі келеміз. Ауласының қарын тазалаймыз, су тасып береміз, көмір түсіреміз.

Бұл бір күндік ІС-шара емес. Олар жалғыз тұратын зейнеткерлерге қыс бойы көмектеседі.