Биенің саумалын ұнтақталған күйде шығаратын кәсіпорын Айыртау ауданы Кутузовка елді мекенінде салынып жатыр. Жаңа зауыт биыл тамыз айында пайдалануға берілмек. Ферма 400 биеге шақталған. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 2,5 млрд теңге қаржы жұмсалады. Тілші толықтырсын.

Кутузовка елді мекенінде салынып жатқан зауытқа 5,2 га аумақ бөлінген. Өңірде теңдесі жоқ жоба жергілікті экономикаға серпін бермек. Фермаға Мұғалжар тұқымды биені әкелу жоспарланған. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 12 тонна құрғақ сүт шығаратын болады. Идея – Германияныкі.

АРМАНТАЙ ӘБІЛОВ, «Север Агро ЛТД» ЖШС директорының орынбасары:

— Шет елде құрғақ сүт шығаратын кәсіпорын бар. Соған қарап, бізде өзімізде сондай зауыт ашуды жоспарладық. Жоба құны 2,5 млрд теңге, соның 1,5 млрд теңгесі «Солтүстік» ӘКК» АҚ арқылы берілді. Бұл — республика бойынша біздің екінші кәсіпорнымыз. Қостанай облысында біздің дәл осындай зауытымыз бар, ол табысты жұмыс істеп жатыр. Қазір өнімді экспортқа дайындап жатырмыз. Германияға, Қытайға жіберу жоспарда бар. Германияда, мәселен біздің өнімді қолданып косметика өндірмек. Қазіргі уақытта құжаттармен жұмыс істеп жатырмыз.

Қазіргі уақытта құрылыста 50 адам еңбек етіп жатыр. Қондырғыға тапсырыс берілді, көктемде әкелінеді. Зауыт ашылып, іске кіріскен кезде 15-20 адам жұмысқа алынбақ.

АРМАНТАЙ ӘБІЛОВ, «Север Агро ЛТД» ЖШС директорының орынбасары:

— Саумалдың ағзаға пайдасы өте көп. Бірақ сол пайдасын көру үшін сауғаннан кейін оны 2-3 сағат ішінде ішу керек. Ең басты құрылғы — сублиматор, сауылған сүт пастеризациядан өтеді, кейін төмен температурада оны қатырады. Сосын сүт құрамындағы ылғал жойылып, нәтижесінде құрғақ сүт қалады. Бұл жұмыстың бәрін жаңағы сублиматор атқарады.

Биенің құрғақ сүті 100, 200 гр және келілік қаптамада шығарылмақ.