«ЛОРД» Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатында республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды. Білім сайысы 9-11 сынып оқушылары арасындан жалпы білім беретін пәндер бойынша өтіп жатыр.
Олимпиадаға оқушы таңдауы бойынша гуманитарлық-математикалық бағыттағы 15 пәннің бірінен қатыса алады. Іс-шараға 500-ден астам оқушы қатысып жатыр, олардың 45 пайызы ауыл мектептерінен келген балалар. Шал ақын ауданы мектеп-лицейінің оқушысы Николай Глумов география пәнінен білімін сынамақ.
НИКОЛАЙ ГЛУМОВ, ПӘН ОЛИМПИАДАСЫНА ҚАТЫСУШЫ:
- Мұндай олимпиадаға бірінші рет қатысуым. Аудандық кезеңнен сүрінбей өттім. География пәні өзіме қатты ұнайды.
Олимпиада жыл сайын 4 кезеңде өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, зияткерлік сайыстың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, теориялық білімдерін тереңдету.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Олимпиада 2 бағыт бойынша өтеді. Бұл қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыт. 200-ден астам бала жаратылыстану-математика және 300-ге жуық қоғамдық-гуманитарлық пәндерге қатысады. Қазылар алқасының құрамы толығымен бекітілді. Олар М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен келгендер. Бүгін бірінші кезең, ертең практикалық болады.
Олимпиаданың қорытындысы 8 қаңтарда шығарылып, марапаттау рәсімі өтеді. Облыстық кезеңнің жеңімпаздары республикалық олимпиадаға жолдама алады.