Автоматтандырылған жүйелердің адам өмірінде өз орны бар. Нейрондық желілер де қазірдің өзінде әртүрлі мамандардың белгілі бір функцияларын орындай алады. Бірақ, дегенмен әрқашан сұранысқа ие болып қала беретін кәсіптер де бар. 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды.
Василий Шабанов 18 жаста. Ол колледждің 3-курсында оқиды. Білдекте жұмыс істейтін жұмысшы мамандығын алып шықпақ. Қазір станоктарды пайдалана отырып, ол әртүрлі бұйымдарға арналған металл бөлшектерін әзірлеуді үйреніп жүр. Жоғары табысы бар, сұранысқа ие мамандықты жас жігіт еңбек нарығындағы жағдайды ескере отырып таңдаған екен. Былтыр Василий «World Skills» байқауында жеңіске жетті.
ВАСИЛИЙ ШАБАНОВ, Б.ӘШІМОВ АТЫНДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ МАШИНА ЖАСАУ ЖӘНЕ КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ:
- Сандық басқару станоктарындағы токарлық жұмыс» біліктілігі бойынша бірінші орынға ие болдым. Екі бөлікті ұштадық. Біреуі алюминийден, екіншісі қоладан жасалған. Біздің мамандық дәлдікті қажет етеді. Әрбір миллиметр өлшенеді. Ең бастысы қателік жасамау.
Жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларды даярлауды өңірдің 13 колледжі жүргізеді. Олардың бірі - Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі. 2022 жылдан бастап мұнда электрмен дәнекерлеушілерді оқытады. Колледж оқытушысы Арман Теміртастың айтуынша, оқуға түсемін деп ниет білдірушілердің саны жыл санап артып келеді. Қазір тіпті іріктеу де жүргізіледі.
АРМАН ТЕМІРТАС, Б.ӘШІМОВ АТЫНДАҒЫ ПЕТРОПАВЛ МАШИНА ЖАСАУ ЖӘНЕ КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ:
- 1-ші курста студенттер біздің колледждің шеберханаларында, 2-3 курстарда - қаламыздың кәсіпорындарында тәжірибеден өтеді. Практика кезінде студенттер шамамен 100-120 мың шамасында, кейбіреулері 150 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Сонымен қатар, олар шәкіртақы мен тамақтану үшін де өтемақы алады. Жұмысшы мамандықтарының жылы жарияланғандықтан, менің ойымша, бұл мамандықтар кеңінен танымалдылыққа ие болады. Еді одан әрі жұмыс істеп, қызметімізді кеңейтеміз.
Солтүстік Қазақстан облысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында 47 іс-шараны өткізу жоспарланған. Олардың қатарында кәсіптік бағдар беру жұмыстары, мектеп оқушыларына экскурсиялар, кадрлар қажеттілігінің өңірлік картасын әзірлеу, еріктілер қозғалысы бар. Ал жоғары сынып оқушылары колледжде жұмысшы мамандықтарын меңгеріп, сертификат алады.
ДИНАРА АНАФИНА, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Мамандықтар жастардың өз қалауы, таңдауы бойынша оқытылатын болады. Оқу бағдарламасы мектеп бағдарламасына сай бейімделеді. Егер оқушы түскі уақытқа дейін мектепте оқыса, түстен кейін аптасына 2-3 рет колледжге келіп оқиды. Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша біз жұмысшы мамандықтарын оқытудың көлемін 39% - дан 45% - ға дейін ұлғайтамыз деген сенімдеміз.
Өңір колледждерінде жұмысшы мамандықтары бойынша 3 895 студент білім алады. Жұмысқа орналасу жағдайы 80% - дан асады. Бұл жерде дуальды оқытудың да септігі бар. Оқу орындары 342 кәсіпорынмен әріптестік орнатқан.