Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы туризм саласындағы құрылыс нысандарын аралады. Облыс орталығы маңында тұрғындар мен туристер үшін жаңа санаторлық-курорттық кешен пайда болады. Жергілікті кәсіпкер бұрынғы «Волна» балалар лагерін қайта жаңғыртып, оны жыл бойы жұмыс істейтін кешенге айналдырмақ.

Жоба үшжылдық, ал инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Жаңа нысанда 500 адамға арналған 150 нөмір болады. Демалушыларға сауықтыру процедуралары ұсынылмақ. Кешеннің ашылуы демалыстың сапасын жақсартып қана қоймай, 150 тұрақты жұмыс орнын құрады. Бұл жоба өңірде медициналық туризмнің дамуына оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар облыс орталығында жаңа «Самовар» қонақ үйі ашылмақ. Бұл жобаға 1 млрд. теңге инвестиция салынған. «Даму» қорынан мемлекеттік қолдау көрсетілді. 34 нөмірден тұратын қонақ үй арқылы 15 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Қазіргі таңда Петропавлда 800 демалушыны қабылдайтын 26 қонақ үй бар. Одан бөлек, Имантау-Шалқар курорттық аймағында инвесторлар 16 жобаны жүзеге асырып, экоотельдер мен глэмпингтер салып жатыр. Мұндай жобалар туристік инфрақұрылымды және қызметтердің сапасын жақсартуға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жаңа инвесторларды тартуға және өңірімізді қосымша табыс көздерімен қамтуға ықпал етеді.