ПетропавлДЫҢ 48 жастағы тұрғыны анасын балағаттағаны үшін 10 тәулікке қамаққа алынды. Сондай-ақ қорғау ұйғарымы шығарылды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.

48 жастағы Петропавл тұрғыны бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасаған. Оған қатысты бұған дейін қорғау ұйғарымы шығарылды. Яғни ер адамға 30 күн бойы анасына жақындап күш көрсетуге, балағат сөз айтуға және қауіп төндіретін қасақана заңсыз әрекеттер жасауға тыйым салынды. Алайда ол сабақ алмаған, бірнеше күннен кейін мас күйде анасымен жанжалдасқан. Осылайша ол қорғау ұйғарымын бұзды.

Асламбек Көшенов — Петропавл қ. әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот судьясы:

- Ер адам мас күйде болған. Мұндай заң бұзушылықтар жиі кездеседі.Қысқа уақыт ішінде қайталап жасалған жағдайда осыған ұқсас заң бұзушылықтарға сот қатаң шаралар қабылдайды.

Полицейлер балағат сөз айту — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бір түрі екенін еске салады. Ол үйдегі жағдайдың шиеленісуіне алып келуі мүмкін. Ұрып-соғу сияқты оның да жолын кесу қажет. Қазіргі таңда отбасында жеке басқа қатысты қорлаудың кез-келген түріне жол берілмейді.

Әсем Ілиясова — Петропавл қ. ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы:

- Бұл ер адам он тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сондай-ақ оның тәртібіне қатысты 12 айға ерекше талаптар белгіленіп, есепке алынды.

Жыл басынан Петропавлда полицейлер қорғау ұйғарымын бұзған 89 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.