СҚО-да «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары «Арлан» спорт клубына қабылданып жатыр. Клуб мүшелеріне салтанатты жиында куәліктері табысталды. Жалпы бүгінгі таңда «Жас сақшы» сыныптарында 150-ден астам ұл-қыз білім алып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер «Жас сақшы» сыныптарының оқушыларын ҚР ІІМ-нің «Арлан» спорт клубына қабылдауды бастады. Жеңіс күні қарсаңында болашақ тәртіп сақшылары салтанатты жағдайда клуб мүшелерінің куәліктерін алды. Куәліктерді облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов табыстады.
41 жоғары сынып оқушысы куәліктерін департаменттің басшылық құрамы мен ведомствоның еңбек сіңірген ардагерлерінің қатысуымен алды. Спорт клубына мүшелік «жас полицейлерге» физикалық тұрғыдан дамуға, өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгеруге, дене мен рухты шыңдауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бүгінде Солтүстік Қазақстанда құқық қорғау бағытындағы 5 «Жас сақшы» сыныбы құрылған. Оларда 150-ден астам ұл-қыз білім алуда. Олар заңнама негіздерін оқып, полицейлік қызметтің түрлі қырларымен танысады. Куәліктер табысталғаннан кейін «Жас сақшы» оқушылары полицейлермен және ардагерлермен бірге Екінші Дүниежүзілік соғысына қатысқан солтүстікқазақстандық милиционерлердің ерлігіне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.