Биыл жылыту маусымы басталғалы өңірде 55 өрт тіркелді, салдарынан 8 адам мерт болды. Матреиалдық шығын көлемі 8 млн тг асады. Жылдағы дәстүрге сай ТЖД мамандары рейдтік іс-шараларды күшейтіп жатыр.

Жылыту маусымы басталғалы төтеншеліктер рейд өткізуді жиілеткен. Өйткені, қыс келісіме өрттердің саны артқан. Шара ең алдымен ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихиннің қатысуымен өткізілген жиыннан басталды. Басқосуда ол қарамағындағыларға ереже бұзған тұрғындарға айыппұл салмай, тек түсіндіру жұмыстарын өткізуді тапсырды.

ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Адамдарға электр құрылғыларын, тіпті, пештің өзін қалай қолдану керек - соны жіті баянданыздар. Баспана ішіне датчик орнату керектігін айтыңыздар. Электр сымдары дұрыс байланыспаған үйлер де болуы мүмкін. Әр баспанаға кірген кезде тұрғындардың рұқсатымен барлығын жіті қарауларыңызды сұраймын.

Рейдке тәртіп сақшылары мен белсенді жастар да қатысты. Тілсіз жауды болдырмауда осындай түсіндіру шараларының септігі тиері анық. Төтеншеліктер ең алдымен Горький көшесі, 172 мекенжайындағы жатақханаға барды. Тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін мысал келтіре отырып түсіндірді.

Өрттің жиі пайда болу себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы және пештегі ақау. Тілсіз жау жер үйде жиі тіркеледі.

Мамандар Ойқаланы аралауының басты себебі де осы.

Тұрғындарымен сөйлесті, пештерін қарады, олқы тұсы болса, түсіндірді.

ДЕНИС ВОЛКОВ, Ойқала ықшам ауданының тұрғыны:

- Әрине, барлық ережені сақтауға тырысамыз. Пеш жақпаймыз. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанбыз. Бірақ, үйде одан басқа электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық жабдықтар бар. Үйден шыққанда бәрін сөндіріп кетуге тырысамын. Төтеншеліктер жылыту маусымы басталғалы 2-ші рет келіп отыр. Бәрін білеміз дегеннің өзінде бұрын естімеген пайдалы ақпарды осы рейдте естиміз.

Айта кету керек, жылыту маусымы басталғалы өңірде 55 өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 8 адам қаза тапты. Оның біреуі - бала. Өрттен келген материалдық шығын 8 млн теңгеден асып жығылады.