Ұлттық Банк жаңа банкноталардың сериясын кезең-кезеңмен айналымға енгізіп жатыр. Ол «Сақ стиліне» негізделді. Бұл теңгенің қорғау дәрежесін арттыруға және елдің мәдени құндылықтары мен тарихын дәріптеуге бағытталған. Айта кетейік, айналымға жаңа 5 мың теңге 2023 жылы, ал 10 мың теңге биыл 28 маусымда шығарылды. Осылайша, басқалары да кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілмек.

Жалған ақша жасауға жол бермес әлемдік тәжірибеде әр 7-8 жыл сайын банкноталардың дизайны өзгеріп отырады. Жаңа қорғаныш элементтері енгізіліп, заманауи технологиялар қолданылады. Мәселен былтыр айналымға шығарылған 5 мың теңгелік банкнотаның 7 қорғаныш дәрежесі бар. Ал биыл енген 10 мың теңгелік 8 жолмен қорғалған.

МЕЙРАМ МӘМБЕТОВ, «ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ» СҚФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- 10 мың теңгенің түсі – күлгін-көк. Ақшада алтын интаглио, көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі, екі түсті қорғаныш жібі және «барыс» артефактының көлемді бейнесі бар. Сондай-ақ, түсі өзгермелі терезе, иридисцентті бояу, жергілікті электротип сутамғы белгісі мен спарк бар.

Жаңа банкноталардың сериясы сақ мәдениетіне арналған, ол кең байтақ даламыздың тарихынан, табиғаты мен жануарлар әлемінен сыр шертеді. Ақшада елімізде қазіргі таңда мекендейтін және қазба жұмыстары кезінде сүйектері табылған жан-жануарлар бейнеленген.

МЕЙРАМ МӘМБЕТОВ, «ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ» СҚФ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Жаңа дизайндағы банкноталар айналымға шыққаннан кейін бұрынғы үлгілері біртіндеп қолданыстан шығарылады. Бұл кезең ешнәрсеге әсер етпейді. Сонымен қатар, Ұлттық Банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға мерзімсіз айырбастайтын болады.

Бұл - ұлттық валютаның бүгінге дейін шығарылған бесінші сериясы. Бұған дейін теңгеде «Портреттер», «Әл-Фараби», «Бәйтерек», «Қазақ елі монументі» бейнеленген еді.