Елордада WorldSkills Kazakhstan-2024 жұмысшы мамандықтарының республикалық чемпионаты өтті. Дәстүрлі байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 500-ден астам колледж студенті қатысты. Біздің облыстың намысын 18 студент қорғап келді. Солардың екеуі алтын, үшеуі күміс және екеуі қола жүлдеге ие болды. Жеңімпаз Василий Шабановқа Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде құрмет көрсетілді.
Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің 3 курс студенті Василий Шабанов чемпионатқа қатысып, бағдарламамен басқарылатын токарлық станок бағыты бойынша бірінші орынды иеленді. Байқау барысында оған оператор, реттеуші, технолог және бағдарламашы қызметін орындау қажет болды.
ВАСИЛИЙ ШАБАНОВ, WORLDSKILLS KAZAKHSTAN-2024 ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:
- Байқау тақырыбында мен екі бөлшекті қайрадым. Қазылар алқасы тиісінше бағалады. Құрамдас бөліктердің біреуі қоладан, екіншісі алюминийден жасалған. Олар бір-біріне бұралып, шамның сұлбасын жасады.
Үш күн ішінде жарысқа қатысушылар 30 бағыт бойынша өзара сайысқа түсті. Оның ішінде құрылыс, креативті дизайн, информатика, көлік қызметтері, сондай-ақ өндірістік және инженерлік технологиялар бар.
ПАВЕЛ СЕНЬКИН, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ-ӨНДІРІСТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:
- Василий былтыр да осы байқау да бағын сынап көрді. Дегенмен, 3 орынға н тек 1 ұпай жетпеді. Биыл ол жеңіске жетті. Екінші қатысушы Максим Хропаль. Ол бірінші рет қатысып отыр. Біз байқау барысында сандық басқарылатын станоктарда фрезерлік жұмыс істеу қажеттігін білгенде, бірден дайындала бастадық. Максимнің дайындалуына алты ай ғана берілді. Ол екінші орын алды.
Айта кетейік, чемпионат жеңімпазы Василий Шабанов келесі жылы Данияда өтетін EuroSkills 2025 халықаралық жарысында Қазақстанның атынан қатысады.