Биыл еліміздің 16 аймағында симуляциялық орталықтар ашылмақ. Соның бірі облыстық көпбейінді балалар ауруханасында пайдалануға берілді. Бұл жерде медицина қызметкерлері шұғыл көмек көрсету дағдыларын жетілдіреді.
Симуляциялық орталық бір жылдың ішінде ашылды. Заманауи жабдықталған жаңа орталықта аурухана қызметкерлері әлемдік стандарттарға сай дағдыларын жетілдіріп, тәжірибе жинақтайды. Нәтижесінде балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жоғарылату мүмкін болмақ.
ДАНИЯР БЕЙСЕНБАЕВ, ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРІ, РЕАНИМАТОЛОГ-АНЕСТЕЗИОЛОГ:
- Біздің басты мақсатымыз – ауруханамыздың әрбір қызметкерінің негізгі жүрек-өкпе реанимациясының дағдыларын меңгеруі. Осы мақсатпен біз 4 анестезиолог-реаниматолог маманды халықаралық стандарт бойынша оқыттық, олар қазір өз білімдерімен бөлісіп, яғни жүрек тоқтауы, естен тану, тыныс алу қызметінің тоқтауы сияқты жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйретіп жатыр.
Орталықта оқуды аяқтағаннан кейін әр қызметкер жүрек-өкпе реанимациясы дағдылары бойынша аттестациядан өтіп, алған білімін растайтын арнайы сертификатқа ие болады.
БАҚЫТЖАН НҰРҒАЗИНА, КӨМЕКШІ МЕДБИКЕ:
- Қазіргі үйреніп жатқанымыз өте маңызды. Біз балалармен жұмыс істегеннен кейін қайда жүрсек те, адамға алғашқы көмек көрсетсек, бұл біз үшін үлкен мақтаныш болар еді.
Сонымен қатар, келер жылы симуляциялық орталықта басқа құрылымдардың мамандары да білімдерін ұштай алады. Сондай ақ облыстық балалар ауруханасы жас ата-ананың мектебін ашуды да жоспарлаған.