Учаскелік полиция инспекторларының 10 айдағы жұмысы қорытындыланды. Жыл басынан учаскелік инспекторлар алкогольді заңсыз сатқаны үшін 178 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Заңсыз айналымнан құрамында спирт бар 6 мың литрге жақын өнім тәркіленген. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің бейнематериалына назар аударайық.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов Петропавл қалалық полиция басқармасының және қала маңындағы Қызылжар ауданының учаскелік полиция инспекторларымен кездесті, басқа аудандар бейнеконференцбайланыс режимінде қосылды. Жиында жергілікті полиция қызметі бөліністерінің 10 айдағы жедел-қызметтік жұмысының нәтижелері қаралды.

Бүгінгі күні облыста ішкілікке салынған 3105 адам профилактикалық есепте тұр. Олардың тоқсаны – биылғы жылы қойылды.

Қаралған маңызды мәселенің бірі – алкогольге қарсы заң бұзушылықтармен күрес. Жыл басынан учаскелік инспекторлар алкогольді заңсыз сатқаны үшін 178 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Құрамында спирт бар 6 мың литрге жақын өнім айналымнан алынды. Сондай-ақ «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысы шығарылды.

Жедел-профилактикалық іс-шараның басты міндеті – қызмет көрсететін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ халық арасында ішкі істер органдарының имиджі мен беделін арттыру, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату. Бұл іс-шараға үш жүз алпыстан астам полиция қызметкері жұмылдырылған.

Құрманғали Ысмағұлов профилактикалық жұмысты күшейту қажет ететін маңызды бағыттарды атап көрсетіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың маңызды құрамдас бөлігі - «мүлдем төзбеушілік» туралы еске салды.