Петропавлда мұғалімдер арасында «Дебют» атты байқау өтті. Сайыста облыстың түкпір-түкпірінен келген жас мамандар өз жобаларын қорғайды. Дәстүрлі байқау бірнеше кезеңде өтпек.

Дебют байқауына облыстың түкпір-түкпірінен келген 41 мұғалім қатысып жатыр. Бұл сайыс арқылы жас мамандар кәсіби шеберліктерін шыңдап, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

АЙГҮЛ МҰХАМЕДҚАЛИЕВА, ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мұғалімдер жас, сайыс алдында алаңдайды, қобалжиды. Бірақ олар осындай додалар арқылы өздерінің біліктіліктері мен кәсіби дағдыларын шыңдайды. Бұл сайысқа 5 жылға дейінгі тәжірибесі бар мұғалімдер қатысады.

Байқау жыл сайын өткізіледі. Мектепке дейінгі, техникалық, кәсіптік және орта білім беретін 4 нысандағы жас мамандар қазылар алқасына әдістемелік әзірлемелері мен өз жобаларын ұсынады. Қатысушыларды көп жылдық тәжірибесі бар, білікті мұғалімдер бағалайды.

АҚЖАН ЖАҚСЫЛЫҚОВА, М.ЖҰМАБАЕВ АУДАНЫ ФУРМАНОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП МҰҒАЛІМІ:

- Бүгін мен 6 а сыныбына сабақ бердім. Оқушылардың жасы кіші болғандықтан, олар да мен де көп қобалжыдық. Сабақтың тақырыбы отбасы туралы болды. Жақсы өтті деп ойлаймын.

Жеңімпаздар 29 қарашада өтетін екінші кезеңде өз жобаларын қорғауға мүмкіндік алады.