Облыстық әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері қыс қарсаңында автожолдарды тексеруді аяқтады. Жұмыс жергілікті атқарушы органдармен, жол иелерімен және мердігерлік ұйымдармен бірге жүргізілді.
Барлығы 9364 шақырым автожол зерттелді. Тәртіп сақшылары жол төсемі мен жол белгілерінің, қардан қорғайтын қалқандардың жай-күйін және су өткізгіш құбырлардың қармен басылып қалмауын тексерді.
Сондай-ақ, полицейлер жауапты ұйымдар өткен қыстың тәжірибесін ескергеніне көз жеткізді. Арнайы техника саны ұлғайтылды: республикалық маңызы бар жолдарда қызмет көрсету үшін 120 қар тазалау техникасы, облыстық маңызы бар жолдарға - 108, аудандық маңызы бар жолдарға — 100 арнайы техника дайындалды. Бұдан бөлек құм-тұз қоспасы және химиялық реагент те жеткілікті алынды.