Қызылжар ауданы орталығы Бескөлде Әбіш Кекілбаев оқуларының республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсының облыстық кезеңі өтті. Байқау Республика күніне орай ұйымдастырылды. Оған Петропавл қаласы мен облыс аудандарынан келген 47 оқушы қатысты.


Шығармашылық байқауда оқушылар 4 аталым бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ: Әбіш Кекілбаев шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салу, мәнерлеп оқу сайысы, зерделеу жоба байқауы, сахналық қойылым. Александр Новиков Уәлиханов ауданы, Ақтүйесай орта мектебінің оқушысы. Ол «Шеткері үй» повесінің кейіпкерін сомдайды.


АЛЕКСАНДР НОВИКОВ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ, УӘЛИХАНОВ АУДАНЫ:

- Мен осындай байқауларға жиі қатысамын. Осыдан 2 жыл бұрын Ғабит Мүсірепов оқуларында гран-при жүлдегері атандық. Мен осы қойылымда Қарамахмұт рөлін ойнаймын. 1-сыныптап бастап қазақ мектебінде оқып жүрмін. Үйрене, үйрене, қазақ тілін 100 пайызға білемін.Осындай оқуларға 8-сыныптап бастап қатысып келемін.


Ал Тайынша ауданынан келген Бірғаным Рахімберді Әбіш оқуларына екінші рет қатысып отыр. Ол Әбіш Кекілбаевтың өлеңдерін, романдары мен повестерін сүйсініп оқиды. Өнерлі бойжеткен мәнерлеп оқу сайысында бағын сынауда.


БІРҒАНЫМ РАХІМБЕРДІ, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ, ТАЙЫНША АУДАНЫ:

- Бүгінгі дайындап келген бір проза мен бір поэзия. «Шыңырау» прозалық шығармасын және «Теңіз жағасындағы ой» өлеңін дайын әкелдім. Шыңырау шығармасы басты рөлдегі Еңсептің жан дүниесі таза және еңбекқор, өз ісіне адал. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін. Өз жұмысын махаббатпен атқарады. Қазіргі жастарға үлгі боларлықтай тұлға болғандықтан осы шығарманы таңдап алдым.


Байқаудың мақсаты оқушылардың шығармашылық қабілетін, шеберлігін шыңдау, Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын дәріптеу.


БАХЫТ ҒАБДУЛЛИНА, «ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫ:

- Байқау 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Ол әдебиетсүйер қауым арасында танымал. +скл+ 0:43 Облыстық кезеңге 13 ауданнан оқушы қатысуда. Әр номинация бойынша жеңімпаздар осы жылғы қараша айында Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысады. 


Әбіш Кекілбаев оқулары облыстық кезеңінің жеңімпаздары байқау соңында сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.