Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко бастаған делегация Петропавлдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, жиналғандар «Бірлік» шағын ауданында салынған үйлерді көріп, тұрғындармен тілдесті.


Петропавлдағы облыстық тарихи – өлкетану музейі 1924 жылы құрылған. Биыл 100 жыл толып отыр. Ғимаратқа 2004-2005 жылдары қазіргі дизайнға сәйкестендіріліп жөндеу жұмыстары жүргізілген. Экспозиция 13 залда орналасқан. Омбыдан келген делегация мұражайдағы өлкеміздің тарихынан сыр шертетін түрлі жәдігерлермен танысты. Айта кетейік, бүгінде музей қорында 350 мыңнан астам экспонат бар.


ИРИНА АШРАПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ – ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗУШІСІ:

- Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – бұл жауынгердің бас киімі. Біздің музейге 1930 жылы келіп түскен. Зерттеулерге сүйенсек, бұл шлем дәрежесі жоғары, атақты адамға тиесілі.


Ал, Оқушылар сарайында барлығы 3 мыңға жуық бала тәлім алады. Олар 11 бағытта жұмыс істейтін түрлі үйірмелерге қатысады. Іс – сапар барысында Омбы облысының губернаторы және облыс әкімі оқушылармен сөйлесіп, бірқатар кеңес берді.


ДИНА ӘБІЛМАЖИНОВА – ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Оқушылар сарайында күнделікті іс-шаралар өткізіледі. Сондықтан, тематиканы өзгертіп тұрамыз. 1-қабатта интерактивті үстелер орналасқан. Одан оқушылар мен ұстаздар өздеріне керекті ақпаратты таба алады.


Кейін ресейлік делегация мүшелері «Бірлік» шағын ауданындағы жаңа үйлерді көріп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті. Жаңа баспаналарымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ал, келесі нысан жақында ғана ашылған үстел теннисі орталығы болды.


Жаңа ғимараттың аумағы шамамен - 3200 шаршы метрді құрайды. Теннис орталығының іші барлық замануи талаптарға сай. Жалпы, бұл іс-сапардың мақсаты – өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту.