Петропавл тұрғыны әйелін ұрып-соққаны үшін 25 тәулікке қамауға алынды. Полиция қызметкерлері биыл 16 маусымынан бастап әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енгенін еске салады. Енді кез-келген күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік бар.


Жаңа заңнамалық өзгеріске сәйкес денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықтар бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралған болса, енді қылмыстық сипатқа ие болды.


Шілде айында Петропавл тұрғыны полицияға жолдасының мас күйінде оған қол көтергенін хабарлаған. 37 жастағы ер адам әйелінің басы, иығы мен жамбасына бірнеше рет соққы жасаған. Бұған дейін ол бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы сот ер адамға 25 тәулікке қамауға алу түріндегі жаза тағайындады.


Полицейлер денсаулыққа жеңіл зиян келтірген ұрып-соғу екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынатындығын ескертеді.