Қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік «қан мен тер», «соңғы парыз» шығармаларын жазған Әбдіжәміл Нұрпейісовтың бүгін туғанына 100 жыл. Ол - КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі. Бүгінгі атаулы күнге орай С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Адамзат тағдырының жыршысы» атты әдеби кеш өтті. 


Ғасырға жуық ғұмырының 80 жылын әдебиетке арнаған жазушы шығармашылығына деген адалдығы мен жауапкершілігі арқылы көпке үлгі болды. Әр туындысының өміршеңдігі де осы махаббатынан болар деп пайымдайды қаламгерлер.


ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСТ:

- Соғыста жүріп, «Гурлян» деген роман бастаған. Соны Ғабиден Мұстафинге көрсеткен. Ол да соғыста жүрген. Мен смынадай роман жазып жүрмін, қарап беріңізші деп. Мынауың жақсы екен деген соң, соғыстан кейін тастамай жазып, баспаға беріліп, ол романға Жамбыл атындағы сыйлық беріледі. 


Әдебиет жолын майдан шебінде бастаған қаламгердің «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы - күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының еңбегі ел арасында да, мемлекет тарапынан да жоғары бағаға ие болды. Тек кітап бетінде емес, театрда да сахналанды. Кино да түсірілген.


БОТА БАЛҒАРИНА СҚ КӘСІБИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ

- «Соңғы парыз» Арал тағдырына экологиялық тақырыпта жазылған шығарма. Мұнда кейіпкерлер жайында айтамын. Жәдігер, Әзім, Бәкизат туралы. Осы Қан мен тер романының жалғасы деп те айтуға болады.


Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларын ұрпақтан ұрпаққа қалдыру үшін бүгінде оның еңбегін дәріптейтін іс-шаралар, көрмелер жиі өткізіліп тұрады. Биыл 100 жылдық мерейтойына да ерекше көңіл бөлінген.


РОЗА ШӘКЕНОВА «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ САЯСИ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:

- Бүгінгі шара Нұрпейісовтың 100 жылдыған арналған шараны кітапханамен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Спикерлер шақырдық, «Мирас» қоғамдық қорының мүшелері бар. Партия ардагерлері бар. Өйткені Нұрпейісов қазақ әдебиетінде өзіндің қолтаңбасын қалтырған біздің қаламгеріміз. 


Заманының заңғар жазушысының шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Жазушының туындылары әлі талай оқырманның жүрегіне жол тауып, ұрпақтан-ұрпаққа жететіні сөзсіз.