Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында бес мәселе қаралды. Соның үшеуі - тәртіптік іс. Заң бұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметшілер бойынша кеңес мүшелері тиісті шешім қабылдап, ұсыныстарын берді.


Петропавлда Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында бес мәселе қаралды. Соның үшеуі - тәртіптік іс. Біріне білдей Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиеваның қатысы бар.


Бұл - Алма Нұрғалиеваның қызметтік көлігі. Оны жұмыстан тыс уақытта қатынаған әкім орынбасарының өзі рұқсат етілмеген жерге қойып, дүкенге кіріпті. Бұзушылықты жергілікті блогер тіркеп, желіге жүктеген. Бүгін шенеунік Әдеп жөніндегі кеңес алдына шығып отыр. Қобалжулы күйдегі нәзікжанды жағдайды былай түсіндірді.


АЛМА НҰРҒАЛИЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Төтенше жағдай кезеңіндегі жұмыс оңайға соқпады. Күн-түн демей тер төктік. Қазір өзім аудан әкімінің екі орынбасарының міндетін атқарамын. Осының бәрі маған әсер етті деп ойлаймын. Өз кінәмді түсінемін, мойындаймын. Айыппұл төледім. Блогермен кездестім, сөйлестік. Тілдесу кезінде видеоны жүктемейтінін айтты, ал ақша беру туралы әңгіме болған жоқ.


Бір қызығы, Алма Нұрғалиеваның өзі Қызылжар ауданында әдеп жөніндегі уәкіл екен. Сөзіне сенсек, ол видео түсірілетін күні кешке үйіне емес, "Бірлік" ықшам ауданында салынған жиырма бес баспананы қабылдауға қамданған. Алайда, көлікте анасы болған.


ЕРЖАН ҚАРЫМСАҚОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

-Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері бұл мәселені жіті қарады. Өзара пікір алмасты, жаза тағайындау жайлы сөз қозғады.


Қатысушылар көп ұзамай ортақ келісімге келді. Олар Қызылжар ауданы әкіміне орынбасары Алма Нұрғалиеваға ескерту жасау жайлы шешім жолдайтын болды. Сонымен қатар, кеңесте Ақжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Мархат Теміржанға қатысты тәртіптік істі қарады. Ол мемлекеттік қызметке кір келтірген. Жиналғандар ақылдаса келе лауазымды тұлғаның қызметін төмендету керектігін алға тартты. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы Батырхан Сарымсақов отырысқа келмеді. Шенеунік әріптестеріне қатысты дөрекі сөз айтқан. Жағымсыз қылығы үшін енді қатаң сөгіс алмақ.