Өткен демалыс күндері Астана қаласындағы "Қазанат" ипподромында екі күндік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданынан 110-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдері қатысты.


Елорда қонақтары мен тұрғындары үшін 735 тоннадан астам өнім ұсынылды. Еттің барлық түрі, картоп пен көкөністер, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, шұжық, ұн және макарон өнімдері әкелінді. Бағасы елорда базарларына қарағанда 10-15% - ға төмен. Өңіріміздің фермерлері мен тауар өндірушілері елорда тұрғындарына өз өнімдерін бірнеше жыл қатарынан бері ұсынып келеді.


Жәрмеңкедегі азық-түліктің барлығы – экологиялық таза өнім. Мал болсын, жеміс-көкөніс болсын, қолдан өсірілді. Демек дәмді әрі пайдалы.


ДӘУРЕН ТОҚУЖИНОВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Солтүстік Қазақстан өнімдері танымалдылыққа ие. Сұраныс та жақсы. Оған қоса экологиялық таза өнім. Облыста 150-ден астам пайдалы шөптер өседі. Біздің ет барлық пайдалы заттар мен дәрумендерге толы.


Елорда тұрғындары қол жетімді бағаларға дән риза. Ақша үнемдеумен қатар, сауда-саттық жасау арқылы өңірдің тауар өндірушілерін қолдауға болады.


Айта кетейік, елорда тұрғындары мен оның қонақтары үшін жәрмеңке аясында өңірлік әртістердің қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.