Биылғы 9 айда Астанаға тартылған инвестиция көлемі 1 триллион 140 миллиард теңгеден асты. Бұл былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға көп. Президент қабылдауында болған қала әкімі осыны айтты. Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында есеп берді. Осы оқу жылына жоспарланған 24 мектептің 15-і пайдалануға берілген. 170-ке тарта аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 70-тен астам көше жөндеуден өтті. Сондай-ақ, миллион түп ағаш пен жасыл желек егілмек. Жыл соңына дейін «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Тельман» газ жылу станциясын салу және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясын жобалау жұмыстары жүргізілуде. Кездесу соңында Президент елорданы одан әрі дамыту, көлік инфрақұрылымын нығайту және көріктендіру бойынша тапсырмалар берді.


 ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Және президентке жылыту маусымы бойынша есеп бердім. Негізгі нысандар жұмыс істеп жатыр. Қала қысқа дайын. Сонымен бірге Президент қаланы абаттандыру, көгалдандыру және әрі қарай негізгі нысандарды дамыту бойынша тапсырмалар берді.