Өңірлік коммуникациялар алаңында интернет-алаяқтыққа қатысты брифинг өтті. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіріп, мұқият болуға шақырды.


Алаяқтар адамдарды алдап-соғу үшін көбіне фишинг әдісін қолданады. Яғни, олар тұрғындарға белгілі компаниялардың атынан жалған хабарлама жіберіп, жеке тұлға туралы құпия ақпараттарды біліп алуға тырысады. Ал, квишинг – бұл жалған QR код арқылы жасалатын аялақтықтың бір түрі.


ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН ,СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Облыста квишинг арқылы жасалған алаяқтық фактілері тіркелген жоқ. Бірақ, сонда да адамдарға сақ болуды ескертеміз. Айлакерлер жалған QR кодтарды қоғамдық орындарға көліктерге жабыстырып кетеді. Солайша, азаматтар қауіпті сайттарға кіріп кетуі мүмкін.


Өңірде ең көп таралған алаяқтық тәсіл бұл – банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу. Солайша, айлакерлер адамдардың атына несие рәсімдейді немесе олардан қомақты соммадағы қаражат өндіріп алады.


ВИТАЛИЙ ПОДЧЕРНИН,СҚО ПД КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АСА МАҢЫЗДЫ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

- Қазан айының басында қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне 40 жастағы тұрғыннан қоңырау түскен. Оған алаяқтар хабарласып, телефон нөміріне келген 6 сандық кодты айтуды сұраған. Азамат айлакерлер айтқан барлық нұсқауларды орындаған. Біраз уақыттан, кейін тұрғынға оның атына 1 млн теңге несие рәсімделгені туралы хабарлама келген.


Айта кетейік, өзіңіз туралы жеке ақпаратты ешқашан бөтен адамдарға айтпаңыздар. Егер күдік тудыратын жайттарға куә болсаңыз немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз дереу полицияға қоңырау шалыңыз.