Петропавл қаласының, ресми мәліметтерге сүйенсек, 270 жылдан астам тарихы бар. Шаһар кезінде «көпестер қаласы» атанған. Саудамен айналысқан байлар Қызылжардың дамып, қалыптасуына көп үлес қосқан. Петропавлдағы ескі сәулет ғимараттары жүздеген жылды артқа тастаса да, әлі де сынын бермей жұмыс істеп тұр.
АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:
- Петропавл бұрын «көпестер қаласы» атанған екен. Себебі, мұнда өткен ғасырдың басында 600-ге жуық сауда орны болған. Шаһарда белгілі орыс көпестері тұрып, өздерінің жеке иеліктерін тұрғызған.
Петропавлдағы бай саудагерлердің үйі негізінен 2 қабатты. Бірінші қабатында олар дүкен сынды кәсіпкерлік нысандарын ашып жұмыс істесе, екіншісінде өздері тұрған.
ЖАНАТ БАЙМҮСЕНОВ, СҚО ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
- Қазақстанда бұндай үйлер тек 3 қалада қалған. Олар: Петропавл, Орал және Семей қалалары. Бізде 64 ғимарат бар. Олардың ішінде көпестердің үйлері, диірмендері, мейрамханалары және моншалары орналасқан.
Қазіргі таңда бұл 64 ғимараттың 90 пайыздан астамы жекеменшік. Яғни, олар бүгінде мейрамхана, дәмхана және шағын сауда орталықтары ретінде жұмыс істеп тұр. Ал, тек көпес Хамит Янгуразовтың үйі ғана облыстық тарихи - мәдени мұраларды қорғау және пайдалану бөлімінің қарамағында.Тарихи ескерткіш 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында салынған.
АСНУРИЯ АБДУЛА, ТІЛШІ:
- Халық арасында «Қалыңдық үйі» деп те аталып кеткен бұл үйге қатысты аңыз көп. Соның бірі - көпесХамит Янгуразов Санкт – Петербургте жүрген кезінде бір бойжеткенге ғашық болып, үйленуге ниет білдіреді. Байдың ерке өскен қызы Петропавлдан дәл әкесіндікіндей үй салса ғана көпеске тұрмысқа шығатынын айтқан. Янгуразов қыздың талабын орындау үшін Италиядан арнайы сәулетші алдырып, әсем ғимарат тұрғызған екен.
Көріп тұрғандарыңыздай, дәл қазіргі таңда көпес Янгуразовтың үйінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы рет бұл нысан 8 жыл бұрын жөнделген. Ғимарат осыған дейін бірнеше рет қирап қала жаздаған.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Енді Янгуразовтардың отбасысына келетін болсақ, бұл жанұяның өмірі сондай қиындықпен аяқталған. Бізде бар мағлұматтарға сүйенсчек, көпестің өзі қайтыс болғаннан кейін, оның әйелі де қызы да «Азамат соғысы» кезінде қиналып қаза тапқан.
Қала көшелелеріндегі ғимараттарда ешқандай жарнамалар және қағаздар ілінбеген. Барлығы мінсіз күйде сақталған. Бұл тұрғындардың өткен тарихқа көрсеткен бір құрметі деп білеміз.