Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы өкілдері «Береке» шағын ауданындағы жаңа айналма жолдағы қозғалыс тәртібіне түсініктеме берді. Әкімшілік полиция қызметкерлерінің айтуынша, Малая мен Байболов көшелерінің қиылысында айналма қозғалыс ұйымдастырылған. Ауэзов көшесі жағынан солтүстік бағыттан келе жатқан көліктер айналма жолға кірген кезде, айналма жолда келе жатқан көлік құралдарына жол беруі тиіс. Тәртіп сақшылары атап өткендей, мұндағы қозғалыс сызбасы Қазақстан Конституциясы мен Егемен Қазақстан көшелерінің қиылысындағы айналма қозғалысқа ұқсас. Малая мен Байболов көшелерінің маңы — «Береке» шағын ауданындағы ең қарбалас аймақтардың бірі. Мұнда әлеуметтік нысандар орналасқан, ал жаяу жүргіншілердің арасында балалар көп. Дегенмен, барлық жүргізушілер жаңа айналма қозғалысқа үйреніп үлгерген жоқ. Сол себепті облыстық полиция департаменті басшылығының шешімімен таңғы және кешкі қарбалас уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция экипажы кезекшілікке қойылды. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол белгілерінің талаптарын ескеріп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды еске салады.
СНХ: Асан Молдажан – Петропавл қалалық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы