19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл күні өз өмірін қауіпке тігіп, өзгелерге көмекке келетін ержүрек жандардың еңбегі ұлықталады. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Жамбыл Ахметов. 15 жыл бойы ол талай адамның өмірін сақтап қалған тәжірибелі маман.
Өрт сөндіру көлігінің тізгінінде — білікті маман Жамбыл Ахметов. Ол өмірінің 15 жылын өрт сөндіру қызметіне арнаған. Осы уақыт ішінде талай қиын жағдайларда кәсіби шеберлігін танытып, әріптестерін апат орнына қауіпсіз жеткізіп жүрген жүргізуші. Жамбыл Ахметовтің айтуынша, өрт сөндіру кезінде әр секундтың мәні зор. Біздің міндет – өрт сөндірушілердің уақтылы жетуін қамтамасыз ету. Сол сәтте бір минут емес, бір секунд та маңызды, – дейді ол. Маманның пікірінше, мұндай жауапты қызметте ең алдымен тәртіп пен білім қажет. Ісіне ұқыпты адам ғана осындай күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатындығын алға тартады.
СНХР: ЖАМБЫЛ АХМЕТОВ, ӨРТ СӨНДІРУ АВТОМОБИЛЬДЕРІН ЖҮРГІЗУ ЖӨНІНДЕГІ АҒА НҰСҚАУШЫ
Қызмет барысында ең қиын жағдайлардың бірі ретінде Жамбыл Ахметов 2022 жылы Қостанай облысындағы алапат орман өртін атап өтті. Ол сол тілсіз жауды ауыздықтауға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің айтуынша, уақыт өткен сайын техника да жаңарып заман талабына сай өзгеруде. Бүгінде ол қаладағы биіктігі 55 метрлік сатысы бар жалғыз өрт сөндіру көлігінің тізгінінде.
Бүгінде Петропавл қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 46 адам еңбек етеді, оның 16-сы – жүргізуші. Қызметтік ауысымға күн сайын 10–12 маман шығады. Олардың қатарында — қарауыл бастығы, бөлімше командирлері, өрт сөндіруші-құтқарушылар және жүргізушілер бар. Сонымен қатар, тоғыз заманауи техника да бар.