Солтүстік Қазақстан облысы аумағында «Нелегал» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бар болғаны үш күннің ішінде тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзудың шамамен 200 дерегін анықтады. Оның ішінде 120 шетелдік Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 9 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған. Полицейлер базарларды, құрылыс нысандарын, қосалқы шаруашылықтарды және шетел азаматтары болуы мүмкін басқа да орындарды тексеріп жатыр. Мысалы, салынып жатқан нысандардың бірінде көрші елдің екі тұрғыны анықталып, олардың Қазақстан Республикасында болу мерзімін бұзғаны белгілі болды. Полицейлер шетел азаматтарына елімізде болу ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.