Облыс прокурорлары Петропавл жоғары құрылыс - экономикалық колледжінде студенттермен кездесті. Себебі, өңірде кәмелетке толмаған балалар арасында 20-дан астам қылмыс жасалған. Жиынға 10 астам колледждің өкілдері мен білім алушылары қатысты.


Кездесу барысында студенттерге синтетикалық заттардың жас ағзаны қалай улайтыны туралы айтылып, зияны туралы бейнеролик көрсетілді. Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 14-бабына сәйкес, заңды бұзғандар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


ВИКТОР НАЙДА, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШIСІ:

- Облыс бойынша соңғы 8 айдың ішінде кәмелетке толмағандар арасында 29 қылмыстық құқықбұзушылық жасалды. Яғни, бұл бопсалау, ұрып-соғу, есірткіге қатысты әрекеттер. Жастар арасындағы заңбұзушылықтың алдын-алуға тырысып жатырмыз.


Петропавл жоғары құрылыс - экономикалық колледжі директорының орынбасары Наталья Бывальцеваның айтуынша, студенттердің тәртібін қадағалау ісі жақсы жолға қойылған. Білім алушылар саламатты өмір салтымен белсенді шұғылданады. Жалпы, оқу орнында 1100-ден астам жас оқиды.


НАТАЛЬЯ БЫВАЛЬЦЕВА, ПЕТРОПАВЛ ЖОҒАРЫ ҚҰРЫЛЫС-ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бізде мұндай кездесулерден басқа спорттық іс-шаралар жиі өткізіледі. Студенттер сабақтардан соң түрлі секцияларға қатыса алады. Қалауларынша волейбол, баскетбол, ауыр және жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы секілді спорт түрлерімен шұғылданады. Және бізде психолог мамандар білім алушылармен бірге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.


Еске сала кетейік, жасөспірім кезінде жасалынған қателік болашаққа өз зиянын тигізуі мүмкін. Себебі, құқықбұзушылық туралы фактілері адамның жеке деректерінде көп уақыт бойы сақталады. Бұл жұмысқа тұру кезінде қиындық туғызады.