Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында белгілі журналист, жазушы Бақыт Мұстафинді еске алуға арналған кеш өтті. Оған жазушының жұбайы, әріптестері, мектеп оқушылары қатысты. Қаламгер артынан өшпес із қалдырды, оның 10-нан астам кітабы мен 30-ға жуық очерк-әңгімелер жинағы жарық көрген.


Бақыт Мұстафин саналы ғұмырын журналистика мен әдебиет саласына арнады. Ол «Ленин туы» газетінде 45 жыл бел жазбай жұмыс істеді. Дәл сол редакцияда өзінің тағдыр қосқан қосағы Дәмелі Мұстафинанамен танысты. Зайыбының айтуынша, Бақыт аға газеттің дамып, гүлденуіне өз үлесін қосты. Тіпті кейде еңбек демалысына да шықпаған кездері де болған екен.


ДӘМЕЛІ МҰСТАФИНА, Б.МҰСТАФИННІҢ ЖҰБАЙЫ:

- Газеттің суығына тонып, ыстығына күйді десекте болады. Үй дегенді білмейтін сол таңертеңнен кешке дейін, түні бойы Хрущев пен Брежневтің баяндамаларын шығаратын еді. Түні бойы жүреді. Сол газетке берілген адам ол кісі. Өмірде өте зиялы адам болды ол ешқашан қатты сөз айтпайтын еді. Өте биязы, сыпайы мәдениетті адам болды. Оның ішінде балаларға деген ықыласы ерекше болды.


Б. Мұстафин орамды ойымен көзге түсті. Очерк пен публицистиканың қас шебері жас журналисттерге үлгі бола білді. Оның тәлімін алып өскен жандырдың бірі Дәмет Бектасова. Ол Б. Мұстафинмен бірге 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеген екен.


ДӘМЕТ БЕКТАСОВА, Б.МҰСТАФИННІҢ ӘРІПТЕСІ:

- Ол кісі туған қарындасым деп айтушы еді. Ауысып кеттім. Бірақта ол адам сол полиграфияға келіп жағдайымды сұрап, үйреткен болатын.


Қаламгер зейнетке шыққан соң да газетке мақалалар жазды. Жазушының «Жәлел Қизатов», «Жайнаған жер», «Құрманғали Сұрағанов», «Диқан жолы», «Далам – дәулет ордасы» сияқты очерктер жинақтары және балаларға арналған «Тәтті сәбіз» кітапшасы жарық көрді. Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Достық» орденімен марапатталған.