Айыртау ауданына жаңа әкім тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, облыс әкімінің өкімімен бұл лауазымды Мейрам Меңдібаев атқарады. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды.


Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында мәслихаттың кезетен тыс 19-шы сессиясы өтті. Оның барысында ауданның жаңа әкімі тағайындалды. Жиынға 12 депутат қатысып, бәрі бірауыздан Мейрам Меңдібаевтың кандидатурасын қолдады. Осы тағайындауға дейін ол облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы болды.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Мейрам Жақсылықұлы 1971 жылы туған. Солтүтсік Қазақстан облысының тумасы. Көкшетау университетін юриспруденция мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары М. Жұмабаев ауданының жер қатынастары бөлімінің бастығы, ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, СҚО әкімдігінің жер инспекциясы басқармасының басшысы болып жұмыс істеді. Сондай-ақ, АШ басқарма басшысының қызметін атқарды.


Жаңа әкім халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейін көтеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін арттыру үшін бар күшін салуға уәде берді.


МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, АЙЫРТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Сіздердің білдірген сенімдеріңізге үлкен алғысымды айтамын. Өз жағымнан беріп жатқан тапсырмаларды, Президенттің, Үкіметтің, Ғауез Торсанұлы сіздің орындау үшін өз тәжірибемді, білімімді, күшімді саламын. Осы Айыртау ауданы даму үшін, көркею үшін.


Бұдан соң, облыс басшысы аудан активімен кездесу өткізді. Оның барысында Айыртау ауданының бұрынғы әкімі Ерболат Бекшеновқа өңір басшысы адал еңбегі үшін «Құрмет грамотасын» табыс етті.


Ғауез Нұрмұхамбетов ауданның жаңа басшысын таныстырып, бірқатар міндеттерді белгіледі. Алдымен ауыл шаруашылығына тоқталайық. Ауданның егіс алаңы - 375 мыңнан астам га құрайды. Бүгінде егіс алқабының 24%-ы, атап айтқанда 68,7 мың га астық жиналды. Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша жұмыс жалғаспақ. Бұдан бөлек, Айыртау ауданында 8 айдың қорытындысы бойынша 10,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл ретте аймақ басшысы жұмыстар жеткіліксіз жүргізіліп жатқанын баса айтты.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Айыртау ауданында жылдық жоспар бойынша 40-ы орындалған. Жылдық көрсеткішті орындау үшін тағы 16,7 млрд. теңге тарту қажет. Жыл соңына дейін 4 ай қалды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында инвестиция тарту бойынша жұмыстың жеткіліксіздігін атап өтті. Осыған байланысты аудан әкімдігіне ағымдағы жылға жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу және жаңа инвестициялық жобаларды іздеу бойынша жұмысты қамтамасыз етуді тапсырамын.


Ағымдағы жылы жолдарды жөндеуге 3,7 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар, су өткізу бойынша 7,8 млрд. теңгеге 11 жоба әзірленді. Бұл өз кезегінде 3 мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жылыту маусымы да ерекше назарда. Аудан оған толық дайын емес, жұмыстар әлі күнге дейін аяқталмаған.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Ауданда 4 орталық қазандық жұмыс істейді, оларды дайындауға 97 млн.теңге бөлінді. Жұмыс әлі жүргізілуде. Жұмыстың аяқталуын қамтамасыз ету қажет.Сондай-ақ, Саумалкөл ауылында " Ауыл-ел бесігі "жобасы аясында 2020 жылдан бастап қазандықтың құрылысы жүргізілуде, алайда нысан әлі жұмыс істемейді. Бұл мәселені шешу қажет. Осыған байланысты бұл мәселені ерекше бақылауға алып, жақын арада нысанды пайдалануға беру қажет.


Кездесу соңында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдум бойынша түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде өткізу керектігін айтты. Атом электр станциясы құрылысының маңыздылығын түсіндіруге ерекше назар аудару қажет.