С. Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры XVI маусымын ашты. Салтанатты іс-шара барысында театр басшылығы өзінің алға қойған жоспарларымен бөлісті. Ал, өнерсүйер қауымға «Сыған серенадасы» спектаклі ұсынылды. Жалпы, қазіргі таңда мәдениет ордасында барлығы 35 әртіс бар. Биыл құрам жаңа 9 актрисамен толықты.


Қара шаңырақ өз көрермендерімен сағына қауышты. Театр ұжымы жаңа маусымда өнерсүйер қауымды көптеген жаңа қойылымдармен қуантпақ. Мәселен, 18-қыркүйек күні «Шинель» ал, 19-ы күні «Қол» атты екі бірдей спектакльдің тұсаукесері өтеді.


БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С. МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Көркемдік кеңестің шешімі бойынша «Қол» спектаклін осы театрдың кезекті спектаклі ретінде таңдадық. Оның қоюшы режиссері кім болады? Оны да талқылайды. Жан-жақпен келіссөздер жүргізеді. Пьесса режиссердің көңілінен шықса труппамен жұмыс істейді. Қазір енді плагиаттан қашуымыз керек. Бұл режиссердің шешімімен қойылды ма, демек бұл осы театрдың авторлық қойылымы болып қалады.


Салтанатты іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрмағожаев қатысты. Танымал режиссер осыдан 25 жыл бұрын С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ашылуына өз үлесін қосқан бірден-бір адам.


БЕКБОЛАТ ҚҰРМАНҒОЖАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

- Осы театрға ашылған кезде 25 баланы әкеліп қалдырғанбыз. Погодин театрына үлкен рахмет. Сол жерде қазақ театрының тұсаукесері өтті. Міне содан бері 25 жыл өте шықты. Бүкіл Петропавл қаласын өсындай керемет ғимараттың салынуымен құттықтаймын. Қазір көп жерде театрлар салынып жатыр. Бірақ, мен осы театрға жететін ғимарат көрген жоқпын.


Театр ұжымы жаңа маусымның шымылдығын «Сыған серенадасы» қойылымымен ашты. Қоюшы режиссері – Фархат Молдағали. Сазды – драмалық спектакль қазақ вальсінің королі, белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов жайында. Сахна төрінде Шәмші әндері оркестрдің сүйелмелдеуімен жанды дауыста орындалды. Ал, басты рөлді тетрда 13 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан актер Нұрбол Асқаров сомдады.


НҰРБОЛ АСҚАРОВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ:

- Бұл «Шәмші» туралы қойылым осыдан 7-8 жыл бұрын қойылды. Сол кезде мен ойнауым керек еді. Бірақ, мен басқа фестивальге кетіп қалдым. Десе де осы театрда осы спектакль қойылса, Шәмшінің рөлін ойнау менің арманым болатын. Оған менің болмысым келетін сияқты. Жалпы, спектакльдің процесі қызық болды. Бәрін басынан бастап қопардық. Бір қиыны видеосы сақталмаған екен. Соның барлығын 0-ден бастап құрып шықтық.


Театр әртістері іс-сапармен 20 қыркүйек күні Павлодар облысына бармақ. Ал, 27-сі күні Түркиядағы Стамбул қаласында өтетін фестивальге қатысады.